Білім және ғылым министрлігінің бастамашылдығымен “Ата-аналар жауапкершілігі” тақырыбындағы арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жоғары деңгейдегі бұл басқосуға мүдделі мемлекеттік құрылымдар тарапынан ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау Комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов, ҚР ІІМ әкімшілік Комитетінің ювеналды полиция бөлімінің басшысы Әсет Омаров, ҚР Білім және ғылым Министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова және Республикалық ата-аналар қауымдастығының жетекшісі-Отбасылық тәрбие институтының бас директоры Софья Евдокимова, «Балалар үйі» қоғамдық қорының директоры Балия Әкімбекова, «Отбасылық академия» дамыту орталығының басшысы Шолпан Байболова, жасөспірімдердің өзіне-өзі қол салуына қарсы жобасының жетекшісі, психолог маман Светлана Богатырева сынды елімізге танымал үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді өткізудің басты мақсаты отбасылық білім беруді насихаттау, отбасылық құндылықтарды жандандыру, психологиялық оңалту бағытындағы тәжірибелермен бөлісу, ата-аналардың жауапкершілігі мен балалар құқығына байланысты басым бағыттар бойынша пікір алмасу екендігін айрықша атап айтқан ҚР БҒМ кеңесшісі Майраш Тайкенова жүздесуді жүргізуші ретінде алғашқы сөз кезегін Қазақстандық ата-аналар қауымдастығының жетекшісі-Отбасылық тәрбие институтының бас директоры Софья Евдокимоваға ұсынды.
– “Отанды сүю – отбасынан басталады” – деген қазақ халқының мақалы бекерге айтылмаған. Отбасындағы тәрбие-бұл әрбір тұлға мен азаматтың қалыптасуының «альфасы мен омегасы». Бүгінгі күні түрлі мәдениеттердегі отбасылық қатынастарды тарихи зерттеулерден бастап қазіргі психология жетістіктеріне дейін зерделейтін бүтін бір ғылыми ұстанымдар бар және бұны біз қазақстандық қоғамда жемісті қолдана аламыз, – деді өз сөзінде Софья Львовна.
Қоғамдық ұйым жетекшісінің мәліметінше ата-аналар үшін 32772 мектеп алаңдары ұйымдастырылып, жұртшылықтың жалпы қатысуы 14 облыс орталығы мен Астана, Алматы және Шымкент мегаполистерінде 2637709 адамды құраған. Мемлекет қойған жоғары мақсаттарға қол жеткізу қазақстандық өскелең ұрпақтарды ата-ана отбасында сауатты тәрбиелеген кезде мүмкін болмақ. Тағылымды дәстүрді бала дамуының ерекшеліктерін түсінетін, күрделі жағдайларды ескеретін, қиындықтарды жеңуге көмектесу мүмкіндігі бар жоғары педагогикалық құзыретке ие ата-аналар қамтамасыз ете алады. Осы орайда көптеген азаматтарға білікті кеңес керек. Бұл бағытта аталмыш институт ата-аналармен жұмыстың инновациялық бірнеше түрін әзірлеп ұсынғанын білдік.
– Расында және ең өкініштісі ата-аналардың көбі интернеттен бір ақпаратты немесе қанатты сөзді оқып алып, өзін білімді санайтын жағдайлар кездесіп жатады. Біз қазіргі уақытта әке-шешелерінің балаларымен ашылып сөйлеспеу мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз. Ұл-қыздарымыз гаджеттерге таңылып, бөлектеніп кетті. Үлкендер жатын бөлмеден шығып, жұмысқа кетеді. Кешке қайтып келген соң тамақтану барысында перзентерімен аз ғана әңгімелесіп, қайтадан тынығу кіріседі, – деді ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Ғұмарқызы сөз сыңайында.
Светлана Богатыреваның айтуынша өзі жетекшілік жасайтын жоба төрт жыл бұрын әлеуметтік инновациялық зертхананың шеңберінде бастау алған. Бұл басым бағыт халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып, шет мемлекеттердегі мамандардың тәжірибесін еліміздің ерекшелігіне сәйкес жетілдіре қолданылып келеді.
– Мектеп оқушылары арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың деректері кездесетіндігі баршамыз үшін өте өкінішті жағдай. Бұл мәселе көбіне отбасылық кикілжіңдерге байланысты немесе құрбы-құрдастары арасындағы кемсітушіліктерден туындайтындығы белгілі, – деді Светлана Богатырева.
Әрбір бала өзінің жанұясында жақсы өмір сүруі тиіс екендігін алға тартқан «Отбасылық академия» дамыту орталығының басшысы Шолпан Байболова балалар үйіне табысталған кішкентайларды перзенті ретінде асырап алушыларға қатаң талаптар қойылатындығын еске салды. Бұрын асырып алушылар мен қамқорлық жасайтындардың дені шет елдерден келіп, бекітілген соманы төлеу арқылы балаларды иелене беретін. Қазіргі кезде бұл берекесіздіктерге тоқтам салынғанын білдік.
– Жуырда бір заң жобасын оқыдым. Осы құқықтық құжатта балаларды таңдап алуға болатындығы жазылған. Көздері жәудіреген жетімдер дүкенде сатылатын тауар емес қой. Сондықтан мәтінді түзу барысында әзірлеуші топтар дұрыс ұстанымды ойланып барып бекіткендері жөн. Және бір маңызды мәселе балалар қорғаншылыққа берілетін кезде олардың биологиялық әке-шешелері мен туған-туыстары табыла кететіндігін кездестіреміз. Егер олар ұл-қыздарын іздейтін болса неге қолдарына алып, отбасылық тәрбиемен бақытқа бөлемейді. Бұл да жауабы табылмаған салмақты сұрақтың бірі, – деді Шолпан Серекпекқызы.
«Аналар үйі» қоғамдық қорының директоры Балия Әкімбекова отбасылық құндылықтарды жандандыру, психологиялық бейімделу бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Оның сөзінше соңғы бес жылда балалар үйіне түсетіндердің саны 68 пайызға төмендеген. Жұмыс басталған кезде бұл көрсеткіш 800 адамды құраса, қазіргі уақытта 310-ден аспайды екен.
– Соңғы кезде ата-анасы бас тартқан балалардың үлесі азайғаны байқалды. Жас аналарға отбасылық бақыттан асқан құндылық жоғын насихаттаймыз. Мәртебелі міндет-туған шаранасын перзентханада тастап кететін жайсыз жағдайлардың алдын алу. Психолог мамандар дабыл түскеннен кейін бірден сол адамға барып, әңгімелеседі. Егер жас ана ұйғарымынан айнымаса, аналар үйінде біраз уақыт тұруын ұсынамыз. Міне, дәл осы кезде ол ойлануы мүмкін. Перзентін өзі аялап, күтіп-баққаннан кейін бауыр басуы мүмкін. Және жауапкершілікті сезінетін болады. Біздің балалар үйіне бұрынғы тәрбиеленушілер мен толық емес отбасында өскен және зорлық пен зомбылыққа тап болған бойжеткендер келіп жатады, – деп сөзін түйіндеді Балия Әкімбекова.
Отбасында болып жатқан барлық мәселеге – ата-аналар жауапты. Егер ерлі- зайыптылардың ара қатынасы ұрыс пен жанжалға айналса баланың мінезі өзгеріп, психологиясы бұзылады. Нәтижесінде тілазар, қиын, шатақ және дамуы тежелген ұл-қыздар пайда болады. Министрдің кеңесшісінің айтуынша, әр ата-анаға өз баласына дұрыс қарау керектігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да кеңінен түсіндірілуі қажет. Ол қазіргі ата-аналардың баласымен әңгімелеспейтінін алға тартып, дабыл қағарлық деңгейге жеткенін ашық айтты.
– Біздің қоғамның проблемасы неде? Жүз ұстаздан бір әкенің тәлімі артық. Ал бүгінгі таңда балаларын мектепке сейф секілді әкеліп тастайды да, он бірінші сыныпта дамыған және тәрбиелі тұлға қалыптасқанын қалайды. Бұрын біздің ата-анамыз көңіл күйіңе назар аударып, сабағың мен тәртібің және сыныптағы қызықтар туралы көбірек сұрайтын. Одан қалды аулада түрлі қызықты ойындар ұйымдастыратын. Мүмкін бүгінгі ата-аналар «қазір заман басқа, уақыт жоқ» дейтін шығар. Алайда ол бөтен біреудің емес, өзіңіздің туған перзентіңіз ғой, – деді Майраш Тайкенова.
– Салалық заңнамаларға бұл бағытта өзгерістер мен түзетулер енгізу барысында бала құқығын қорғайтын үкіметтік ұйымдар мен құзырлы орындардың және жұртшылықтың пайымды пікірлері ескірілді, – деді сөз кезегінде ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау Комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов. Оның айтуынша ата-аналардың бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындауына және балалар құқығының сақталуына еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар белсене араласып, нақты нәтижелерге қол жеткізуде.
Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойған болатын. Өзінің сөзін Мемлекет басшысының осы Жарлығынан бастаған ҚР ІІМ әкімшілік Комитетінің ювеналды полиция бөлімінің басшысы Әсет Омаров бас бостандығынан айыру мерзімін ұлғайту жолымен зорлық және жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін жауапкершіліктің қатаңдатылғанына баса назар аударды.
– Статистика мәліметтеріне сүйенсек бес жылда 4 740 бала түрлі зомбылықтан зардап шеккен. Сол себепті қылмыстық жаза күшейтіліп отыр. Бұл ата-аналар, өгей әке, өгей шеше, педагогтер, қорғаншылар тарапынан зорлау және күш қолдану әрекеттеріне тікелей қатысты. Демек 12 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Заңдағы жаңа талаптарға сәйкес аталмыш жағдаймен сотталғандар үшін педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынады, – деді сөзінің соңында Әсет Омаров.
Дөңгелек үстелге қатысушы мемлекеттік құзырлы мекеме өкілдерінің ресми сараптамалары мен үкіметтік емес ұйым жетекшілерінің зерттеулерін толық тыңдаған соң және журналистердің сұрақтарына жауаптан кейін тоқтам жасаған түйінді ой: Тәуелсіз еліміздің жаңа ғасырдағы заманауи ата-аналары үшін жаңа тренд қалыптасуда. Енді «өз балаңа өзің үлгі бол!» Бұл ұлттық ұстаным әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеп, міндетін де шегелейтіндігі даусыз.
журналист Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ, Нұр-сұлтан қаласы.